Қазақстандық білім берудің жетістіктері мен келешегі » Инновациялық Еуразия Университеті
» » Қазақстандық білім берудің жетістіктері мен келешегі
05 ноября 2024

Қазақстандық білім берудің жетістіктері мен келешегі


Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек University World News басылымында қазақстандық білім берудің жетістіктері мен болашағы туралы баяндады.


Британияның беделді University World News басылымында Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қазақстандық білім беру жүйесінің жетістіктері мен даму болашағы туралы, сондай-ақ Астана қаласында өткен ConnectED 2024 конференциясында талқыланған мәселелерге арналған мақаласы жарияланды.

Мақалада жаһандық сын-қатерлерді – азық-түлік қауіпсіздігінен бастап климаттың өзгеруіне дейін – шешуде трансұлттық білім берудің маңызды рөлі атап өтіледі. Қазақстан Британияның үздік тәжірибелерін негізге ала отырып, өңірлік ғылыми зерттеулер мен білім беру орталығына айналуды көздейді.


ConnectED 2024 конференциясында білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді. Атап айтқанда, Козыбаев атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Аризона университеті арасындағы әріптестік мысалға келтірілді. Бұл университеттер су ресурстарын басқару және тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттар Ұлыбритания үшін де маңызды болып табылады, сондықтан мұндай бастамалар халықаралық аренада ерекше мәнге ие.


Саясат Нұрбек білім беру реформаларының және озық халықаралық тәжірибелерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. ConnectED 2024 конференциясында қазақстандық және шетелдік университеттер арасындағы білім алмасуды тұрақты қамтамасыз ететін Стратегиялық серіктестік кеңесінің құрылатыны жарияланды. Бұл білім беру жүйесінің тұрақты дамуына септігін тигізетін болады.


Басты бағыттардың бірі – білім беру саласына инвестициялар тарту. Қазақстан Академиялық артықшылық орталықтарын дамытып, олар арқылы 66 миллион доллардан астам шетелдік инвестиция тартты. Бұл қаражат зерттеу инфрақұрылымын дамытуға және технологиялық инновациялар үшін жағдай жасауға бағытталған, осылайша ғылым мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтады.


Аймақтық білім беру көшбасшысы ғана емес, жаһандық академиялық қауымдастықтың белсенді мүшесі болуға ұмтылатын Қазақстан халықаралық мәселелерді шешуге және білім берудің оң өзгерістерге ықпал ететін қуатты құралға айналатын өзара байланысты әлемді қалыптастыруға өз үлесін қосуда.


Чат-бот