ИнЕУ студенті мен оқытушысы Еңбекті қорғау жөніндегі маман мектебін сәтті аяқтады
Инновациялық Еуразия университеті студенттер мен оқытушылардың кәсіби құзыреттерін дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылғы 28 сәуір мен 22 мамыр аралығында 6B11201 – «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Доставалова Елена Михайловна «Еңбекті қорғау жөніндегі маман мектебі» бағдарламасы бойынша (120 сағат) оқуын сәтті аяқтады. Бағдарламаны «ЖШҚ Жүйелік технологиялар және шешімдер басқарушы компаниясы» (Мәскеу қ.) ұйымдастырды.
Оқу барысында Елена келесі бағыттар бойынша білім алды:
-
ұйымдардағы еңбекті қорғаудың негіздері;
-
қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен (ЖҚҚ) қамтамасыз ету нормаларын әзірлеу;
-
персоналды еңбекті қорғау бойынша оқыту қажеттілігін талдау;
-
Ecostandart Soft бағдарламасын қолдану;
-
еңбекті қорғау саласындағы өзекті тақырып бойынша презентация дайындау және өткізу.
Осыған дейін, 2025 жылғы 17 ақпан мен 10 наурыз аралығында дәл осы бағдарлама бойынша «Инженерия және өнеркәсіптік технологиялар» кафедрасының доценті, PhD докторы Исаева Жанетта Батырхановна да оқудан өткен болатын. Оқытушы алған практикалық білім мен дағдыларды оқу және ғылыми қызметте, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы заманауи тәсілдерді енгізуде тиімді пайдалануды жоспарлап отыр.
Қуантатыны – аталған мектепке қатысуға басқа да ИНЕУ студенттері мен оқытушылары тіркеліп үлгерді. Бұл еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы қызығушылықтың жоғары екенін және кәсіби дамуға деген ұмтылысты көрсетеді.
Алынған білім университеттің оқу үдерісіне озық тәжірибені тиімді енгізуге және білікті мамандарды даярлауға ықпал ететіні сөзсіз.
Елена Михайловна мен Жанетта Батырхановнаны оқуды сәтті аяқтауымен құттықтаймыз! Алдағы кәсіби жолында толағай табыстар тілейміз!