Жоғары оқу орындарының 1 курс студенттері екінші семестрді штаттық режимде оқиды
Ағымдағы жылдың 2 семестрінен бастап колледж және бакалавриаттың 1 курс студентері қалыпты оқу форматына оралмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов хабарлады.
Спикер студенттерге арналған көктемгі семестр 18 қаңтардан басталатынын түсіндірді. 1 курс студенттері үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады, яғни, дәрістер онлайн түрде болса, семинар, зертханалық және практикалық сабақтар дәстүрлі форматта өткізіледі.
– Ал екінші, үшінші және төртінші курс студенттері үшін оқу бұрынғы қалыпты форматта қалады. Биылғы жылы 1 курс қатарына қабылданған студенттердің саны 150 мың адамды құрайды. Бұл аралас форматта оқитын студенттер. Университеттегі дайындықтың басқа бағыттары үшін формат күзгі семестрдегідей болып қалады, - деп түсіндірді Білім және ғылым вице-министрі.
Мирас Дәуленов жоғары оқу орындары студенттерді дәстүрлі форматта қабылдауға әзір екендігін айтты. Университеттерде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар орнатылған. Аудиторияларда студенттердің толымдылығы 40% көрсеткіштен аспайды.
- Сонымен қатар, жаңа семестрден бастап үзіліс кезінде болатын жиынды болдырмау мақсатында әр топта оқитын студенттер үшін сабақтардың жылжымалы кестесі құрастырылды. Cондай-ақ оқу аудиториясында қатарлас отыратын оқушылар арасында екі метрлік әлеуметтік арақашықтық қамтамасыз етілген. Ал зертханаларда бір студентке 5 шаршы метр бөлінген, деді спикер.
Министрдің айтуынша, ЖОО жатақханаларындағы студенттердің толымдылығы 50% көрсеткіштен аспауы тиіс.
ҚР БҒМ хабарлауынша, 2 және 3 курстарда оқытуды дайындық бағытына байланысты қашықтықтан немесе аралас форматта жүзеге асыру жоспарланған. Педагогика, Гуманитарлық, әлеуметтік ғылымдар, Журналистика, бизнес, басқару және құқық, және т.б. оқитын студенттер үшін қашықтықтан оқыту форматы ұсынылса, ал өнер, жаратылыстану ғылымдары, инженерлік салалар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және т. б. оқитын студенттер үшін аралас формат көзделген.
Теориялық оқытуды (қажет болған жағдайда), ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауды, магистранттар мен докторанттарды қорытынды аттестаттауды ЖОО-ның Академиялық саясаты мен академиялық күнтізбеге сәйкес қашықтықтан және аралас форматта жалғастыру жоспарлануда.
ИнЕУ баспасөз қызметі
(bilimdinews.kz сайтының ақпараты бойынша)