«Ұлы халықтың - ұлы Абайы»
Осындай атаумен 27 ақпан күні университеттің ғылыми кітапханасында «Foundation» тыңдаушылары кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп, әлемге танымал ұлы ақын - Абай Құнанбаевтың есімін ұлықтап әдеби-сазды кеш өткізді.
«Ұшар басы көз жетпес, кір шалмас заңғар Абай! Ойлап отырсақ, біз қай кезде де Абайды іздеппіз. Жаның жадырап қуанғанда есіңе Абай түседі. Көңіліңіз достан да, дұшпаннан да, тіпті мынау ғажап өмірден де қалып құлазығанда тағы да Абай алдына барамыз. Күйіп-жанып ғашық болсақ, айтарға сөз таппасақ сол сезім Абайдан табылады. Елжіреп, көкірегімізді мейір кернесе оның да сәулесі Абайдан жеткен екен. Ел деп, Отан деп ойлансақ та Абайдан алысқа кете алмаймыз. Ұрпағымызды жарыққа бастар жол іздесек те Абайға қарайлаймыз». Дәл осындай мәтінмен мәйектелген әсерлі кешке жиналғандарды хакім әлемінің тереңіне үңілуге шақырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кештің басты мақсаты- қазіргі жастарға Абайдың өмірін, әсіресе тағылымды, ғибратқа толы шығармаларымен сусындату және насихаттау.
Кешке «Тілдер, әдебиет және журналистика» кафедрасының оқытушылары мен студенттері және шығармашылыққа жаны құмар, өлең сүйер қауым жиналды.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында Абай өлеңдерін бұрыннан бері жадыларына қондырып жүрген студенттер ойшылдың әсем әндерін орындап, мағынасы терең өлеңдерін жатқа оқыды. Әсіресе, көпшілік қауымға жаттанды «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық-ай» секілді әндері шырқалды. Бұл кештің өтуіне өз үлесін қосып, белсенділік танытқан студенттерге ұйымдастырушылардың қолдауымен ұлы ойшылдың кітаптары табысталды.
Жиын соңында қатысушылар мен жиналған көрермендер естелікке суретке түсті.
Естеріңізге сала кетсек, биыл ұлы ақынның дүниеге келгеніне- 175 жыл! Әлі де мұндай шаралар өз жалғасын табады деп үміттенеміз.
Айдана Боранбаева
Жр-401 тобының студенті