Астанада «Жас ғалым» I Республикалық жас ғалымдар форумы өтті
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам қатысушыны біріктірген «Жас ғалым» I Республикалық жас ғалымдар форумы ұйымдастырылды.
Форум қазақстандық ғылымның даму перспективаларын, әсіресе жас зерттеушілерді мемлекеттік қолдау аясында талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды. Қатысушылар ғылыми әлеуетті арттыру, ғылыми қауымдастықтарды дамыту, әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялау, сондай-ақ өзекті мәселелерді ғылыми тәсіл арқылы шешу жолдарын қарастырды.
Форумға Инновациялық Еуразия университетінің атынан PhD докторы, «Инженерия және өнеркәсіптік технологиялар» кафедрасының доценті, Жас ғалымдар мен мамандар кеңесінің төрайымы Исаева Жанетта Батырханқызы қатысты.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым қызметкерлері күнін құттықтап, командамен жұмыс істеу және қолданбалы зерттеулер жүргізудің маңыздылығын атап өтті:
«Бізге қазір нақты нәтиже беретін қолданбалы жобалар мен мықты командалар қажет. Әсіресе, пәнаралық зерттеулерге сұраныс жоғары. Өзіңізге сеніңіздер — біз қолдаймыз. Ұсынылған мүмкіндіктерді пайдаланыңыздар. Бізге жаңа жобалар, жаңа есімдер керек. Қуантатыны — 25,5 мың қазақстандық ғалымның 46%-ын 40 жасқа дейінгі жас мамандар құрайды», — деді министр.
Форум қатысушылары «Жас ғалым» мемлекеттік бағдарламасына ерекше назар аударып, оны жас зерттеушілерді қолдаудың маңызды тетігі әрі адами капиталды дамытудың тиімді инвестициясы деп атады. Бұл бағдарлама ғылымға ден қойған жігерлі жастар үшін нағыз әлеуметтік лифтке айналғаны айтылды.
Форум соңында отандық ғылымның тұрақты дамуына және Қазақстанның болашағында оның рөлін күшейтуге бағытталған жаңа құрылым — «Жас ғалым» Республикалық ассоциациясын құру туралы ұсыныс айтылды.