Павлодарлық дәріханада алғашқы электромеханикалық манекен жұмыс істейді
Инновациялық Еуразия университетінің студенті Даниил Слесаренко ерекше жобаны әзірледі, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ол «Энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар» кафедрасының 3-курсында білім алады.
- Бірде әкем екеуміз көшеде келе жатқан едік, промоутерлер келіп, жарнама парақшасын ұсынды. Сол сәтте бұл адамдар күн суықта аязды күндері сағатына 500 теңге алып тоңып тұрғанша адамды роботпен алмастырған жақсы болар еді деген ой келді. Содан алғашқы манекен жасап шығардық, – дейді Даниил.
Өнертапқыштың айтуынша, бұл идеяны жүзеге асыру үшін екі жыл қажет болған. Автор өзінің технологиясын патенттеп қойған. Клиенттерді тарту үшін алғашқы электромеханикалық манекен Лермонтов көшесіндегі дәріханалардың бірінде орнатылған. Олар бастарын қозғалтып, жарнамалық плакаттарды ұсынып, клиенттерді шақырып тұрады. Оларды әзірше тек жалға алуға болады, болашақта саудаға ұсыну жолы да қарастырылуда.
- Мен жас кезімнен техниканы жақсы көрiп, үйірмелерде оқыдым, мамандығым - роботтар мен ЧПУ станоктарын реттеуші. Сондықтан мұның бәрі маған жақын. Менiң ұлыма да бұл қызықты екеніне қуаныштымын, - дейді Даниилдің әкесі Константин Слесаренко.
Әкесі мен баласы манекен электронды тақталардан тұратынын айтады. Олар белгілі бір арнайы тапсырмамен бағдарламаланған. Қадамдық электр қозғалтқыштары буындарды жылжытуға көмектеседі. Бір манекенде екіден онға дейін электр қозғалтқышы болуы мүмкін. 12 вольттык қауіпсіз кернеу қолданылады.
Даниил бала кезінен Павлодар қаласындағы балалар техникалық мектебіне барып жүрген. Кейін Инновациялық Еуразия университетіне түсіп, робототехника курстарында оқыды.
Жоба авторлары жобаны одан әрі дамытып, сөйлейтін манекендерді әзірлеуді жоспарлап отыр.
ИнЕУ баспасөз қызметі
Оңғар Бауыржанұлы