Жаңа оқу жылы – ғылыми диалог пен халықаралық тәжірибеден басталды
«Азық-түлік өнімдерінің технологиясы және тұрақты даму» кафедрасының профессоры Ж.Б. Исаева және аға оқытушы Н.И. Матвеевамен бірге білім алушылар Германияның Dresden Groundwater Research Centre (DGFZ e.V.) ғылыми орталығының өкілдері — Dr. Jana Sallwey және Ms. Morgan Minning-пен кәсіби ғылыми диалогқа қатысты.
Дәріс су экожүйелерін мониторингілеудің заманауи ғылыми-әдістемелік тәсілдерін, жерүсті және жерасты суларының сапасын бағалауды, су объектілерінің жай-күйін бақылауды ұйымдастыруды және экологиялық мониторинг деректерін интерпретациялауды талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға айналды.
Жерасты суларын зерттеу және су ресурстарын басқарудың гидрологиялық, гидрогеологиялық және химиялық-экологиялық көрсеткіштерді кешенді талдауға негізделген халықаралық тәжірибелерімен танысу ерекше маңызға ие болды.
Экология және қоршаған орта қауіпсіздігі саласындағы болашақ мамандар үшін мұндай іс-шаралардың тек білім беру ғана емес, сонымен қатар кәсіби бағдарланған ғылыми маңызы зор. Олар теориялық білімді заманауи зерттеу тәжірибелерімен салыстыруға, экологиялық ақпаратты сыни тұрғыдан талдау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік пен аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі мониторингтің рөлін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Оқу жылының басталуы — ғылыми ізденістің, кәсіби өсудің және қазіргі заманғы экологиялық сын-қатерлерді шешуге қажетті құзыреттерді қалыптастырудың жаңа кезеңінің басталуы.
Жаңа оқу жылы білім, зерттеу, ғылыми жаңалықтар мен жаңа кәсіби мүмкіндіктерге толы жемісті жыл болсын!

