Ualikhanov University-де АӨК-тің ғылыми-технологиялық дамуы бойынша сессия өтті
28–29 қараша күні Ualikhanov University базасында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «ҚР агроөнеркәсіптік кәсіпорындары мен өңірлерінің ғылыми-технологиялық дамуы» атты ғылыми-технологиялық сессия өтті. Шара зерттеушілер қауымдастығы мен аграрлық сектор өкілдерін біріктіріп, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған технологиялық шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Сессияға отандық және шетелдік ғалымдар, салалық сарапшылар, АӨК кәсіпорындары мен бизнес құрылымдары қатысты. Іс-шара барысында стратегиялық талқылаулар, командалық әзірлемелер және жобалық сессиялар өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға арналған инновациялық тәсілдер қарастырылды. Ерекше көңіл технологияларды жаңғыртуға, цифрлық құралдарды енгізуге және климат өзгерісіне байланысты туындайтын сын-тегеуріндерді талдауға арналды.
Екі күндік агрохакатон аясында қатысушылар аграрлық саланың ғылыми-технологиялық дамуын жалғастыруға қажетті негізгі міндеттерді айқындап, өндірістік мүдделер мен экологиялық жауапты жер пайдаланудың тепе-теңдігін сақтауға назар аударды.
Құрметті қонақтар мен қатысушылар қатарында:
— ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек;
— Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев;
— Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан болды.
Министр ғылым мен нақты сектордың өзара ықпалдастығының стратегиялық маңызын атап өтті:
«Мұндай сессиялардың өткізілуі өте маңызды. Олар нақты сектор мен ғылымды біріктіріп, бизнес пен өндірістік компанияларды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарды бір алаңда тоғыстырады».
Біздің университет атынан «Инженерия және өнеркәсіптік технологиялар» кафедрасының профессоры Жанетта Батырхановна Исаева 1А жұмыс тобының мүшесі ретінде қатысты. Топтың міндеті Ақмола облысының топырақты қорғау және ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану бағдарламасын әзірлеу болды. Бұл бағыт топырақ құнарлылығын сақтау, жерді тұрақты пайдалану және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Өткен сессия ғылыми зерттеулердің өңірлік дамудың қозғаушы күшіне айналуындағы рөлін нығайту жолында маңызды қадам болды. Қалыптасқан сараптамалық байланыстар, дайындалған концептуалды шешімдер және нақты сектор өкілдерімен бірлескен жұмыс болашақ пилоттық жобаларға, технологиялық енгізулерге және университеттердің ел экономикасына ғылыми ықпалын арттыруға негіз қалайды.