Жетістікке жету жолы: Ең үздік оқытушы

Рейтинг
(0 благодарность)
Редактор  | Опубликовано в: Новости

uzdikЖақында ұстаздар арасында өткізілетін республикалық ең үздік оқытушы байқауының жеңімпаздары анықталды. Соның бірі Инновациялық Еуразия университетінің оқытушысы Ғ.Е. Имамбаева жүлделі орынға ие болды.
Осыдан төрт жыл бұрын Білім және ғылым министрлігінің бастауымен жүзеге асқан аталмыш байқау ғылым жолында жүрген мамандардың арасында аса зор орынға ие болып, кеңінен тарап кетті.
«Ең үздік оқытушы» ұстаздардың біліктілігін арттыратын, ғылыми еңбектерінің маңыздылығын қарастыратын бірегей байқаулардың бірі болып табылады.

Имамбаева Ғайша Ертайқызы 2007 жылдан бастап Инновациялық Еуразия университетінің «Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалып, осы уақытқа дейін қызмет атқарып келеді. Терең білімі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетін үнемі танытып отыратын Ғайша Ертайқызына 2008, 2009 оқу жылдарында үш рет еңбек кітапшасына жазылған алғыс жарияланды. 1979 жылы Павлодар педагогикалық институтын бітірген соң, Имамбаева Ғайша Ертайқызы өзінің ұстаздық еңбек жолын Павлодар облысы, сол кездегі Ермак ауданы, Қызылжар ауылының орта мектебінен бастады, 1980-1983 жылдар аралығында Павлодар қаласының № 37 орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды, кейін ғылыми ізденушілік бағытты ұстанып, қазіргі кезге дейін жоғарғы оқу орнында «Қазақ филологиясы» кафедрасында ұстаздық қызметін жалғастырып жатыр.
Ғ.Е. Имамбаева «Қазақ филологиясы» кафедрасында жұмыс істеген кезде қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттеріне «Қазіргі қазақ тілі», «Қазақ жазуының тарихы», «Қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәндерінен, «Журналистика» мамандығының қазақ бөлімінде оқитын студенттеріне «Қазіргі қазақ тілі (фонетика, лексикология сөзжасам)», «БАҚ коммуникативтік тілі мен стилі», «Қазіргі шетел журналистикасы» пәндерінің оқу-әдістемелік кешенін даярлап, үнемі толықтырып отырады. Қала бойынша басқа да жоғарғы оқу орындарындағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынас жасап, тәжірибемен бөлісу мақсатында бірнеше рет МЕК мүшесі болып, дипломдық жұмыстардың сыртқы пікір берушісі ретінде жыл сайын тағайындайды.
Инновациялық Еуразия университеті ғылыми кеңесінің отырысы шешімімен Ғ.Е. Имамбаеваның «Етіс табиғатының ғылыми негіздері» атты оқу құралы жария етілді. Әріптестері мен студенттер арасында сыйлы, жоғары беделге ие мамандардың қатарында деп айтуға болады.
Өңіріміздің тәлімгерлеріне сапалы білім беретін осындай ұлағатты ұстаздар саны көбейсе, нұр үстіне нұр жауар еді.

Салтанат ҒАББАС,
ИнЕУ студенті

Читать 2521 Время

Оставить комментарий

Убедитесь, что вы вводите (*) необходимую информацию