ҚЫЗ ӨССЕ, ЕЛДІҢ КӨРКІ ...

Рейтинг
(0 благодарность)
Опубликовано в: Жаңалықтар

kiz osseЖуырда университетімізде бойжеткен қыздарымызға арналған сыр-сұхбат кеші өтті. Аталмыш кеш «Құқық, тарих және әлеуметтану» департаментінің аға оқытушысы - Жакишева Айсұлу Ажмағынқызының бастамасымен ұйымдастырылды. Шара барысында қыздар тәрбиесі, «Ене мен келін», «Дені саудың-жаны сау», «Дін және дәстүр», «Көңілде тұңған мың сауал» сияқты тақырыптар кеңінен қарастырылды.
Бұл іс-шараға облысымыздың танымал қызметкерлері мен жанашыр қауымы жиналды.

Атап кетсек, Павлодар облысының «Мұсылман әйелдер лигасының» төрайымы – Максилова Б.Ш., облыстық «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының директоры - Баймаханов Т.Б., Ақмешіт бас имамы - Бердімұратов Ж.Қ., ИнЕУ-дің әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі проректоры – Қайырбекова Б.Д. және ИнЕУ профессоры, п.ғ.к. доцент - Сатынская А.К. Сол сияқты кешке университетіміздің студент жастары мен Павлодар қаласының №4 мектеп оқушылары және колледж студенттері қатысты.
Елбасымыз: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын айрықша бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де - біздің қазақ»,- деген екен. Біз қазақ халқы қыздарымызға құрмет көрсетіп, жат-жұрттық деп ерекше тәрбие беріп, құтты жерге қондыра білген халықпыз. Қан тазалығы, ибалылығы, тектілігі сақталған қыздар өз құрбыларынан бір сатыға жоғары тұрары анық. Сыр-сұхбат кешінде бойжеткендеріміз арнайы шақырылған қонақтарға, сол сияқты психолог маманға өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, пікір алысты. Тақырыпты өрбіту мақсатында қыз бала тәрбиесі мен денсаулығына қатысты арнайы дайындалған бейне материалдар көпшілік назарына ұсынылды.
Қиын –ау қыздың ар-мұңы,
Қиын-ау, қиын, тым қиын.
Не болар екен тағдыры,
Үйіріліп соқса бір құйын - деп ақын М.Мақатаев жырлағандай бүгінгі қоғамда қыздың тәрбиесі алаңдатпай қоймайтыны рас. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет. Бойжеткендеріміз осыны ұмытпаса екен деп Мұсылман әйелдер лигасының төрайымы Бақытжамал Шаханқызы өзінің ақ тілегін білдірді. Кеш қорытындысы бойынша университет қабырғасында бойжеткен жастарға арналған клуб құрылып, осындай шараларға мұрындық болса, деген ұсыныстарын кеш қонақтары білдірді.
Елбасымыз: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей - еліміз толық түзелмейді»,- деген екен. Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білгей.

«Құқық, тарих және әлеуметтану» департаментінің
аға оқытушысы Жакишева Айсұлу

Читать 2494 Время
Обновлено Вторник, 30 Декабрь 2014 12:05

Оставить комментарий

Убедитесь, что вы вводите (*) необходимую информацию