МОДУЛЬДІК ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

User Rating:  / 4
PoorBest 

Бабашаикова Қымбат Советқызы,
Мухтизарова Бибигүл Қоңырқызы,
Павлодар қ. №9 орта жалпы білім беру гимназия-мектебі,
қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдері
E-mail: kbabashaikova@mail.

Бұл мақалада қазақ тілін оқытуда, екінші тіл ретінде үйретуде технологиялардың ішіндегі қолайлы әрі тиімдісі ғалым М.М.Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясы туралы айтылған. Осы технология тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерін, ойлау, ынта, қабылдау қабілеттерін дамытуға, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталған.

В данной статье описаны особенности модульной технологии обучения М.М.Жанпеисовой. Использование данной технологии в изучении казахского языка позволяет привить интерес к языку, повысить качество знании учащихся по предмету, а так же способствует личностному развитию учащихся.

This article deals with the features of the modular technology training of M.M.Zhanpeisova. The using of this technology in the teaching of the Kazakh language allows to motivate the learning interest of the language, to improve the quality of students' knowledge on the subject, as well as contributing to the personal development of students.

 

Бүгінгі педагогика ғылымының айналымында технология және педагогикалық (оқыту) технология ұғымдары терең қалыптасты. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында : «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды ғылым мен практика желістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдалуға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау», - деп атап көрсеткен. Ал Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында: «Аталған мақсаттарға жету үшін жалпы білім беретін оқу орындары оқытудың әр түрлі технологияларын қолдана алады. Осы стандартта белгіленген талаптарды нақты жағдайларда мүмкіндігінше жүзеге асыру үшін олар оқытудың , тәрбиелеудің, оқу процесін бақылаудың түрлерін, құралдарын және әдістерін өздері таңдауға құқылы», - деп атап кеткен. Қазіргі кезенде әрбір мұғалімнің алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – оқытудың әдіс-тәсілдерін үйрену және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.
Технология және педагогикалық (оқыту) технология ұғымдарына ғалымдар түрлі ғылыми түсініктер береді, соларға тоқталып өтсек.
«Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесінұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырылған үлгісі» (Монахов В.М.).
«Педагогикалық технология - педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық дара, инструменталдық және әдістемелік құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді» (Кларин М.В.).
Ал модульдік технология ұғымына келсек, технология дегеніміз tehne - шеберлік, өнер, ал logos – білім, ғылым деген мағынаны білдіретін грек сөзі. Сонда нақтылақ айтсақ шеберлік пен білім беру деген түсінікті береді.
Біз мектепте өзіміз істеп жүрген Жанпейісова Марал Маденқызының технологиясы туралы айтқымыз келеді. Қазақ тілін оқытуда, екінші тіл ретінде үйретуде технологиялардың ішіндегі қолайлы әрі тиімдісі деп айтуға болады. Осы технологияның өзіне тән бірқатар ерекшеліктері бар. Ерекшелігінің бірі - білімді меңгеру емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерін, ойлау, ынта, қабылдау қабілеттерін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталған. Технологияның тағы бір басты ерекшелігі дарынды балалармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеуге болатындығында.
Технология модульдік сипатта құрылған. Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімінен тұрады.
Әр оқу модулінде сағат саны әр түрлі болады. Оқу модулінің ерекшелігі- жалпы сағат санына қарамастан кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі. Барлық қалған уақыт бөлімінің меншігінде болады.
Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан соң мұғалім осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде), сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілірге сүйене отырып түсіндіреді.
Сөйтіп, оқу модулінің кіріспе бөлімінде мұғалім:
1) оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен және мазмұнымен таныстырады;
2) оқушылардың осы оқу модуліндегі танымдық қызметінің мақсаттары мен міндеттерін анықтайды, әсіресе бұл мақсаттар мен міндеттер әрбір оқушының «қабылдауына», түсінуіне ерекше көңіл бөледі;
3) тірек сызбаларға сүйене отырып, оқу материалын модульдің тұтас тақырыбы ретінде қысқаша түсіндіреді.
Сөйлесу бөлімінде оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейі, қарапайым білік пен дағдыларын және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы жүзеге асырылады. Тақырып мазмұнына «өсу» бағытымен-қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмалар мен зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше мәрте қайта оралып отыру әр оқушыға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтастын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік береді.
Оқу модулінің сөйлесу бөлімінің тағы бір ерекшілігі бар. Оқытудың белсенді және өз ойын кеңінінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте (13–тен 24 ретке дейін) қайта оралып жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. (Оқу материалын меңгеру оған 7 мәрте қайта оралып, пысықтағанда ғана жүзеге асатынын психологтар дәлелдеп отыр). Оқу модулінің сөйлесу бөлімі оқушылардың өзін-өзі оқытуына және өзін-өзі бағалауына, бірін-бірі оқытуына және бірін-бірі бағалауына құрылған.
Бұл технологияның маңызды шарты-оқушылардың кез келген ғылыми көздерді, оқулықтарды, оқу құралдарын пайдалануына болатындығы, сондай-ақ ұйымдастырушы, көмекші, кеңесші ретінде мұғалімнен жедел кеңес ала алатындығы.
Сөйлесу бөлімі сабақтарының ұйымдастырылу формасы бойынша әр оқушы өзінің қалай және немен шұғылдануы тиіс сабақ барысында не істеуі керек екенін жақсы біледі, ойткені мұғалім балаларды сабақ ережелерімен, оның құрылысымен және жүру барысымен алдын ала таныстырады.
Сөйлесу бөлімінің жұмысы төменгідей негізгі қағидаларды есепке ала отырып құрылады:
• оқу материалын бір тұтас беру қағидасы;
• «өсу» бағытымен оқып үйрену қағидасы (басында шағын түрде, соңында-мазмұнын біртіндеп аша отырып, көлемін арттырып, қосымша толықтырулар мен факті – деректер еңгізу арқылы).
Бұл оқушының оқу материалын бөлек-бөлек емес кешенді түрде, тұтас тарау (тақырып) бойынша пысықтауын білдіреді.
• сөйлесу бөлімінің әр сабағында оқу модулінің тақырыбына «қайта оралып отыру» қағидасы (қайталаумен шатастыруға болмайды), бұл іс жүзінде оқу материалының көлемі жағынан да, тапсырмалардың күрделілік деңгейі тұрғысынан да меңгерілген білімді бекіту үшін өте қажет.
Оқу модулінің бұл бөлімінде көбірек қолданған әдіс-бірін-бірін тексеру әдісі.
Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір–біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми еңбек көздерін пайдалануы құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімінде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс. Оқу пәнінің ерекшелігіне орай оқушы білімін бақылаудың түрлері ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе сынақхат қолданылады, бұл оқу модулінің қорытынды бөлімінде іске асырылады.
Қорытынды бөлім – бұл модульдің тұтас циклін аяқтайтын, соңғы бөлімі. Ол оқушылардың сөйлесу бөліміндегі танымдық қызметі барысында қалыптасқан білім-білік дағдыларын бақылауға, тексеруге және бағалауға арналған.
Оқушылардың білімін әділ бағалау және оларға жоғарырақ балл алу мүмкіндігі болу үшін біз бақылаудың бірнеше түрін даярладық. Біріншісі - міндетті - тестілеу. Екіншісі - мұғалім өз таңдауы бойынша (сынақ, бақылау жұмысы, диктант т.б.) Біз екі немесе одан да көп бақылау түрлерін қолдану қажет деп есептейміз, өйткені оқу материалын игеру дәрежесін бір ғана тестілеу арқылы анықтау оқушылардың білімдік, танымдық, шығармашылық мүмкіндіктерін толық ашпайды.
Бұл технологияның жан-жақтылығы оны жоғары, орташа, төмен, білім деңгейіндегі балалармен жұмыс істегенде гимназия, лицей сыныптарында, жалпы білім мектептерде де қолдануға болатындығы. Айырмашылығы-тек бағдармалық материалды меңгертудің түрлі деңгейлерінде жұмыс істейтін оқушылар санының әр түрлі болатындығында.
Алайда, осы технология бойынша бір сыныпта бірнеше жыл бойы жұмыс істеу барысында, білім деңгейі төмен оқушыларды неғұрлым жоғарырақ білім деңгейіне ауыстыруға мүмкіндік берітінін айқындап отырмыз.
Бұл технологияны зерттеп қолданған себебіміз, оқушылардың танымдық, шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, олардың пән бойынша фонетика, лексика, грамматикадан алған білімдері күрделеніп, синтаксис бөлімінде сөздердің орын тәртібі мен сөздердің байланысуын жетік меңгергендегі байқалды.
Олай болса, модульді оқыту әдісімен жан-жақты толық танысып, дидақтикалық материалдарды, көрнекіліктерді, оқыта-үйрету ойындарын, қазақтың ұлттық ойындарын, мұғалімнің өз тарапынан шығармашылық жұмыс жасау арқылы тіл үйретуді коммуникативтік қарым-қатынас деңгейіне көтеруге және жеткізуіне мол мүмкіндіктер бар.

Пайдаланған әдебиеттер
1. М.М.Жанпейісова, Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. –Алматы, 2002.
2. Жанпеисова М.М., Технология молдульного обучения. –Актобе, 2000.
3. Әдіскер –методист журналы №2, 2006 жыл.
4. Білімдегі жаңалықтар №4, 2006 жыл.
5. А.Қайырбекова, Б.Бағысбаева, Әдістемелік құрал.- Алматы, 2012.