БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНЕТІН БАЛАЛАРДА КЕЗДЕСЕТІН ӘЛЕУМЕТТІК ДЕПРИВАЦИЯНЫҢ КЕЙБІР ТЕОРИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

User Rating:  / 0
PoorBest 

Н.М. Бисенова, қосымша білім педагогы
КМҚК «Балалар мен жеткіншектер сарайы» (Қарағанды қ.)
E-mail: Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Мақалада әлеуметтік кризис салдарынан ата-ананың қарауынсыз қалған балалардың мәселелері қарастырылған. Отбасылық өмірден балалар үйіне бейімделу кезіндегі балаларда кездесетін түрлі қиындықтар көрсетілген.

In article discusses topical issues of the day, the problem of children left without parental care. Conducted various difficulties in the adaptation of children in the transition from life in the family, living in children’s home.

 

Бүгінде мемлекеттік органдар мен қоғамды әлеуметтік қауіп жағдайында тұрған отбасылар мен балалар санының өсуі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың физикалық және психикалық денсаулықтарының төмендеуі, әлеуметтік жетімдер санының өсуі, қараусыздық пен панасыздық, балалар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен қылмыскерлік сияқты күрделі мәселелер алаңдатуда. Солардың бірі - балалар үйінде тәрбиеленетін балалар мәселесі.
Баланың отбасылық өмірден балалар үйіне ауысу жағдайындағы бейімделу кезіндегі, әлеуметтік нормаларды игеру қиындықтарымен, отбасындағы қолайсыз жағдайлар салдарынан отбасында болатын қарым-қатынас үлгілері жайлы түсінік бұрмаланған, қисынсыз түрде болуымен, дамуында тежеліс байқалған клиникалық белгілер мен ілеспелі соматикалық аурулар – осы көрсетілген белгілер әлеуметтік депривация салдары болып табылады.
Қазақстан Республикасында соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан ажыратылған, яғни олардың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан-2030» даму стартегиясына сай жетім балалар үйіндегі тәрбиелініп жатқан әрбір ұрпақтың жеке адам ретінде қалыптасуының шешуші факторы ұлттық тәрбие деп көрсеткен. Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.Балалар үйінде тәрбиеленуші баланың жеке тұлғасының әлеуметтік қалыптасуының өзіндік ерекшелігі бар. Оның іс-әрекеті толығымен тәртіпке салынып қадағаланылады, бұл бала дамуында артта қалушылықты, масылдықты, жеке басы еркін ұйымдастырудың төменгі деңгейін туындатады. Сонымен қатар, әлеуметтендіруге байланысты ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде әлеуметтендіру деңгейлері мен факторлары және «әлеуметтендіру», «бейімдеу» ұғымдары бөліп қарастырылады. Жетім балаларды әлеуметтендіру мәселесін шетелдік, отандық ғалымдардың зерттеулеріне, тәжірибелерге сүйене отырып, теориялық, практикалық тұрғыда сипаттау қазіргі педагогика іліміндегі мұндай өзекті мәселені шешуге себеп болады.
Көптеген теориялық деректерді талдау барысында біздің тарапымыздан қазіргі жағдайда жетім балаларға көмек көрсету жүйесінде жетім балалар тәрбиеленетін мекемелер қызметінің бірнеше жұмыс бағыттары айқындалды. Олар: әлеуметтік, медициналық, психологиялық, ұйымдастырушылық-тәрбиелеушілік. Мұндағы тәрбиеленушілердің қоғамдық ортаға бейімделуі баланың әлеуметтік статусына сай емес, медициналық тұрғыдан бұл типтегі балалар тұқым қуалаушылық тұрғысынан дертке шалдыққан немесе жүйкелері тозу арқылы ашушаң, ызақор болып келеді. Мұның барлығы айналып келгенде олардың әлеуметтенуіне кедергі келтіріп, әлеуметтендірудің тиімділігін төмендетеді яғни, балалар шынайы өмірге даярланбайды. Оларды қоғамдық өмірге даярлауда өздерімен қатар бірге алып жүретін адамдардың қажеттігі туындайды. Олар ең алдымен әлеуметтік педагогтар, содан кейін психологтар, жалпы педагогтар. Оларды әлеуметтендіруге қиыншылық тудыратын себептерге тоқталар болсақ, олар әлеуметтік бейімделу деңгейлерінің, әлеуметтік белсенділіктерінің, әлеуметтік құзыреттіктерінің, әлеуметтік құндылықтарының қалыптасуы төмендегідей болып отыр. Оларды әлеуметтендіру әлеуметтік педагогтар- тәрбиеші-педагог-қоғам жүйесі арқылы іске асырылуы тиіс деген тұжырым жасауға болады. Демек, жетім балаларға әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан көмек көрсету, өмір сүруге үйрету, өзімен қатар алып жүру әлеуметтік педагог, психологтардың, тәрбиешілердің, кәсіби іс-әрекеттерінің жүйесі болып табылады. Бұл жетім балаларды өзімен қатар алып жүру баланың бойындағы жеке қасиеттерге сүйену арқылы іске асырылады. Жетім балалардың тұлғалық әлеуметтенуіне бағытталған педагогикалық алғы шарттар жасалуы және теориялық тұрғыдан жүйеге келтірілуі, әдістемелік тұрғыдан нақты қарастыру, кезек күттірмейтін мәселе деп айтуға болады. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер шектеулі қарым-қатынастың шеңбе-ріндегі әлеуметтік байланыстардың тұйық жүйесінде өмір сүреді. Отбасының, білім беру жүйесінің әлеуметтендіру әсері барынша кемиді, достарымен, құрдастарымен қарым-қатынас шеңбері тарылады. Қоғам мекемедегі баланы шеттетіп, оны өзінен және де мәдени құндылықтар мен заңдылықтардан алшақтатады. Балаға қоғамнан алшақтату жағдайында әлеуметтік мәдени тәжірибені жеткізу қиындайды, ол ересек болған кезде де орны толмас тапшылық болып қалады[1].
Тәрбиені бала тұлғасының әлеуметтенуінің психологиялық-педагогикалық құрамдас бөлігі ретінде санау тұжырымдамасы (О.С.Гребенюк, А.В.Мудрик, М.И.Рожков); әлеуметтік ортаны баланың тұлғалық қалыптасуындағы өте маңызды детерминант ретінде қабылдауға бағытталған педагогикадағы әлеуметтік-рөлдік тұжырымдама (Н.М.Таланчук, В.П.Созонов); жетім балаларды өмірге бейімдеуде қолданылатын әлеуметтік-психо-логиялық қолдауды ұйымдастырудың басты психологиялық жағдайларының әдістемелік негіздерінде әзірленген әлеуметтік-психологиялық қолдау мен жәрдем теориясы (Л.И.Аксенова, А.В.Мудрик, Х.Т.Шерьязданова, Ю.Н.Галагузова, Б.А.Расчетина, А.А.Тынышбаева), интегративті тұлғалық құрылым ретінде көрінетін әлеуметтік-психологиялық жұмысқа ұстаздардың кәсіби жеке дайындығы тұжырымдамасы (Г.Ж.Меңлібекова) мазмұндап отыр. Жұмыс аясында зерттеу мәселелері бойынша психологиялық әдебиеттерді талдау, тұлғалық бағыттаушы сипатты технологиялық үлгіні қолдана отырып, балалар үйіндегі әлеуметтік-психология-лық қолдауды ұйымдастыру жүйесінің тәжірибесін оқып-үйрену, балалар үйінде тәрбиеленушілердің әлеуметтенуін әлеуметтік-психологиялық қолдау бағдарламаларын жобалау, әлеуметтік-психология-лық диагностика (сауалнама, бақылау, тестілеу, әңгімелесу), психологиялық тәжірибелік эксперимент әдістері қолданылды [2].
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1959 жылдың 20 қарашасында 1386 (XIY) қарарымен қабылданған «Бала құқықтары Декларациясында», 1989 жылдың 20 қарашасында қабылданып, 1990 жылдың 2 қыркүйегінде күшіне енген «Бала құқықтары туралы Конвенцияда» бала өмірі мен денсаулығы, білім алуы мен тәрбиесі жан-жақты қаралған.
Балалар үйі, интернаттар жағдайындағы «жабық» орта сенсорлық «аштық» тудыра отырып кез-келген жастағы адам баласына зиянды болып есептелінеді. Әсіресе, жаңа дамып, өсіп келе жатқан бала психикасы үшін оның зардаптары өте көп. Осы балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің мәселелері аса күрделі жағдайда. Бұл жағдайға қатысты өзекті мәселелердің негізгілері мыналар: жетім балалар денсаулығына деген әлеуметтік қамқорлықты күшейту, олардың құқығына қол сұқпау, қоғам өмірінің барлық салаларына толық араласуға жағдай жасау.
Балалар үйі мен интернаттың тәрбиеленушілерінің ішінен жоғары оқу орындарына түсіп, түрлі салаларда қызмет атқарып, қоғамдық өмірге белсене араласып жатқандары бар екені белгілі. Дегенмен, қазіргі кездегі балалар үйіндегілердің барлығы бірдей жетім балалар емес. Мұндай мекемелерде ата-аналық құқынан айырылғандардың балалары, жалғызбасты ата-аналардың балалары, ата-аналары тастап кеткен балалар, ауруына байланысты әрекетке жарамсыз деп танылғандардың балалары, ата-анасы сотталып кеткендердің балалары, жетім және тастанды балалар тәрбиеленеді. Бұларды «әлеуметтік жетімдер» деп атайды.
А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых зерттеулері бойынша мынадай мәліметтерді білуге қол жеткіздік. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің көптеген жағдайда өздерінің жеке құндылықтары, әлеуметтік беку жайлы ұғымдары жоқ болады, бұл терең эмоционалды жайсыздықа (дискомфортқа) әкеліп соғады, ал ол өз кезегінде агрессия мен мазасызданудың пайда болуына себепші болады. Мазасыздану - болатын қауіп-қатерді күтуге орай эмоционалды жайсыздықты бастан кешу жағдайы [3].
Ресми ақпараттарға сүйенсек, Республикамызда 75000 жетім бала бар, олардың 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде, олардың ішінде: жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарда - 37 541 бала, мектеп жанындағы интернаттарда - 15 096 бала, балалар үйлері мен жетім балаларға және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп–интернаттарда - 12 574 бала, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелерінде - 12 599 бала, ерекше тәрбиелену жағдайларына мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, мінез құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернаттарда - 884 бала, отбасы үлгісіндегі балалар ауылдарында – 281 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерде тәрбиеленуде. Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Мұндай мекемелерде бала, бірінші кезекте, ата-анасының қамқорлығына зәру, бұл оның табиғи дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Балалар еркін қоғамдағы жауапты өмірге дайын болуға тиіс. Ал жетім бала балалар үйінен түлек болып шыққаннан кейін күн сайын ересектердің көмегінсіз бастан кешіруіне тура келетін түрлі проблемаларды шешуге қауқары жоқ. Балалар үйлері түлектерінің ішінде олардың қатарластарына қарағанда, қылмысқа қатысушылар немесе қылмыс құрбандары неғұрлым жиі ұшырасады, жұмысынан немесе тұрғын үйінен неғұрлым жиі айрылады, ал өз отбасын әрең құрса, оның нашақорлық немесе маскүнемдік жолға түсуі тіпті оңай, сонымен қатар олардың арасында суицид құрбандары да жиі кездеседі. Бұл - олардың жеке-дара өмірге енуінің үлкен қиындықтармен ұштасып, әр уақытта табысты жүрмейтінінің белгісі [4].
Қазіргі таңда халықтың адамгершілік және материалдық саулығын өзгеріске әкеле жатқан әлеуметтік дағдарысқа байланысты ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үлкен мәселеге айналып отыр. Сондықтан балалар үйлері қоғамнан жоғалмайды, керісінше саны жағынан өсуде.
Жетімдерді тәрбиелеудің тарихы адам тарихы сияқты көне болып келеді. Оларды тәрбиелеу тарихи арнайы мекемеде қысқаша айтқанда көп уақытты құрайды. Ал, жетімдер жайлы ғылыми зерттеулер тарихы және интернаттағы шарттардың арнайы құрылымы тым қысқа. Сондықтан да ата-анасыз балаларға психологиялық көмек жайлы біз сөз қозғауымызға тура келеді. Ол мәселе дәл қазіргі жағдайдағы көз алдымызда өтіп жатқан мәселелерімен тығыз байланысты. Яғни бұл әлеуметтік-қоғамдық мәселелер қазіргі таңда ең қажетті өзекті мәселе болғанымен де ол жайында ғылыми зерттеулер аса мол еместігі рас. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің дамуы жайындағы алғашқы психологиялық зерттеулер ХХ ғасырдың 20-жылдарында қарастырылған. Бұл жылдары психоаналитикалық теориялардың ықпалымен психология ғылымында көптеген сенімдер талқыланды. Яғни бұл бала өміріндегі кездесетін жеке адам болып қалыптасу мәселелері екені анық. [3]
Балалар үйінің тәрбиеленуші балаларының барлығы дерлік тума ақауы бар балалар. Егер балаға ерте жастағы депривация оның негізгі психикалық процесстердің бұзылыстарына әкеліп соқтырса, онда ол балаға өзін қоршаған ортадан жеткілікті түрде ынта-жігер беру керек. Жоғары деңгейде балаға қоғамнан өз орнын табуына, өз мүмкіндерін пайдала алуына жол көрсету керек. Қоғамда және сол қоғамның көмегімен бала депривация салдарынан арылады және өзін қоршаған ортасымен жағымды, жақсы қарым-қатынаста болады.

Әдебиеттер
1. А.М. Прихожан, Н.Н. Толстых. «Дети без семьи.» Москва «Педагогика»,1990г.
2. Г. Мақашқулова. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің психикалық ерекшеліктері // Қазақстан мектебі.-2005.- 11/127 52-53 .
3. М.Д. Ауренова. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің психологиялық дамуы // ҚазҰУ хабаршысы. Психология және социология сериясы -Вестн. КазНУ.Сер. психология. - 2004. -№1. -102-105 б.
4. http://kk.wikipedia.org/wiki/